Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде 34 түрлі сүтқоректі, бауырымен жорғалаушылардың 18 түрі, амфибияның 4 түрі және 100-ден аса құс түрі мекендейді. Тұяқтылардың маңызды отрядтарының 4 түрі бар олар: қабан, сібір елігі, сібір тау ешкісі, қарақұйрық.
Елік (Capreolus pygargus) – бұғылар тұқымдасына жататын жұптұяқты, сүтқоректі жануар. Дене тұрқы 120 – 160 см, шоқтығының биіктігі 75 – 100 см, салмағы 30 – 55 кг дейін жетеді. Құйрығы өте қысқа болады. Ешкісі мүйізсіз, текесінің наурыз – мамырда толық жетіліп, қараша – желтоқсанда түсетін 3 – 5 ашалы мүйізді, аяқтары жіңішке әрі ұзын жануар. Қыста түгінің түсі қоңырқай сұр, жазда жирен, жас лақтарының түгінде ашық түсті теңбіл дақтары болады. Жеміс-жидек, мүк, қына және шөптесін өсімдіктердің жүзге жуық түрімен қоректенеді.