«Алтын-Емел» және «Шарын» ұлттық саябақтарына келушілерге өлкенің қайталанбас табиғаты мен тарихы туралы айтылады. Ұлттық саябақтарда инфрақұрылым мен экотуризмді дамыту жобасын жүзеге асыру кезінде инвестор осыған назар аударады. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің Алматы облысына жұмыс сапары барысында белгілі болды. Басқарма басшысына «Алтын-Емел» және «Шарын» ұлттық саябақтарының инфрақұрылымын дамыту жобасы ұсынылды. Еске салайық, биылғы жылдың басында аталған ұлттық саябақтардың учаскелерін туристік-рекреациялық қызметті жүзеге асыру үшін ұзақ мерзімді пайдалануға беру конкурстарының қорытындысы бойынша «QazaqGeography» ҮЕҰ жеңімпаз деп танылған болатын. Экотуризмді дамыту тұжырымдамасына сәйкес ұлттық парктерде қауіпсіз туристік маршруттар мен соқпақтарды дамытуға, күрделі құрылыссыз туристік нысандарды орналастыруға басты назар аударылады. Сондай-ақ заманауи визит орталықтарын, глампингтерді, кемпингтерді, қазақ-ауылды және керуенге арналған орындарды, тамашалау алаңдарын, демалуға арналған беседкаларды құру қарастырылған.