🔺Орман өрттерінің алдын алу және жою бойынша оқу-жаттығу өткізілді
2026 жылғы 28 сәуір күні мемлекеттік орман күзеті, орман өрт станциялары және әуе-өрт сөндіру қызметі қызметкерлерін орман өрттерін сөндіруге оқыту, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өзара іс-қимыл алгоритмін бекіту туралы бірлескен бұйрыққа сәйкес, Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ұйымдастыруымен оқу-жаттығу іс-шаралары өткізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – орман өрттерінің алдын алу, оларды жою тиімділігін арттыру және төтенше жағдайлар кезінде барлық мүдделі құрылымдардың үйлесімді әрекетін қамтамасыз ету.
Оқу-жаттығуға ШЖҚ «Ұйғыр аудандық орталық ауруханасы» МКК, ҚР ТЖМ Алматы облысының төтенше жағдайлар департаментінің Ұйғыр аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, «Қарадала орман шаруашылығы», Ұйғыр ауданының полиция бөлімі, сондай-ақ «Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» РММ-нің өрт сөндіру құрамы қатысты.
Іс-шара барысында әрбір ұйымның орман өрті туындаған кездегі нақты міндеттері айқындалды. Атап айтқанда, орман қызметтері өртті ерте анықтау және алғашқы шараларды қабылдауға жауап береді, төтенше жағдайлар қызметі өртті сөндіру жұмыстарын үйлестіреді, полиция қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді, ал медицина қызметкерлері зардап шеккендерге жедел медициналық көмек көрсетеді.
Қабылданған шаралар орман өрттерінің салдарын азайтуға, адам өмірі мен денсаулығын қорғауға, сондай-ақ табиғи экожүйелерді сақтауға бағытталған.
Аталған бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.