🐐 Сібір таутекесі – Capra sibirica – биік таулы, тасты жерлерде тіршілік ететін, өте епті әрі сақ аң. Ол Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген сирек кездесетін жануарлар қатарында. Табиғи ортада тіршілік етуі үшін тыныштық пен қорғау шараларының тұрақты түрде жүргізілуі аса маңызды.
Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Үлкен Бұғыты шатқалында табиғатпен үндес өмір сүретін бұл аң парк аумағында жиі кездеседі. Ол жартастар мен қия беткейлерді еркін игеріп, азығын сол жерден табады. Биік жартастар мен тасты таулар — оның табиғи қорғаны мен мекені.
Мемлекеттік инспекторлар жүргізген кезекті рейд барысында таутекелердің бірнешеуі топтанып жүрген сәті кадрға түсіп қалды. Бұл жағдай – табиғи тепе-теңдіктің сақталып отырғанының және жануарлар санының тұрақты түрде артып келе жатқандығының нақты дәлелі.
Таутеке — экожүйе үшін маңызды түр. Ол тіршілік ететін аумақтардың тазалығы мен биологиялық әртүрліліктің деңгейін көрсететін индикатор болып саналады. Олардың санының өсуі — Шарын ұлттық паркінде жүргізіліп жатқан қорғау, бақылау және табиғи ресурстарды қалпына келтіру жұмыстарының жемісі.
🔎 Бұл кадрлар — табиғатты қорғаудағы жұмыстардың көрінісі ғана емес, сонымен бірге жас ұрпаққа үлгі боларлық нақты әрекет. Мұндай сәттер табиғатқа деген сүйіспеншілікті оятуға үлкен себеп болады.
✍🏻 Мемлекеттік инспекторлар: Б.Махаметжанов, Д.Омарбакиев.